Науырзым ауданының Өлеңді жалпы білім беретін мектебінде оқушылармен достық туралы әңгіме өрбіді. Мектептің педагог-психологы Досмагамбетова А. «Барлығымыз дос болайық!» атты танымдық-тәрбиелік тренинг өткізді. Бұл шара мектептің Психологиялық қызметі мен біздің Орталықтың облыстық «Қазақстан – ортақ үйіміз» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Тренингтің мақсаты – оқушылар арасындағы достықты нығайту, өзара түсіністік, қолдау мен құрметке тәрбиелеу.
Тренинг барысында балалар:
қызықты командалық ойындар ойнады;
нағыз дос деген кім екенін талқылады;
өмірлік жағдайларды саралап, өз ойларымен бөлісті.
Сыныпта жылы әрі сенімді атмосфера орнады. Балалар бір-біріне ашылып, тыңдауға және қолдауға үйренді. Мұндай іс-шаралар оқушылардың жақындасуына ғана емес, мектеп ұжымындағы жағымды микроклиматтың қалыптасуына да ықпал етеді!
Өйткені достық – шынайы қазына, ал дос болу – бір-біріңе шынайы қадам жасаудан басталатын өнер!