Қарасу ауданының Шолақаша мектебінде облыстық деңгейдегі «Отбасылық клуб» жобасы аясында 10-сынып оқушыларының ата-аналарына арналған ерекше әрі жүрекке жылы тренинг өткізілді.
«Сөзбен құшақтау: анама хат» атты тренингті әлеуметтік педагог Г.М. Ахметова ұйымдастырды. Бұл шара ата-аналар үшін шынайы сезімдер мен рухани сауығу алаңына айналды.
Тренингтің мақсаты – ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту және сезімтал қарым-қатынас орнату дағдыларын дамыту.
Кездесу барысында ата-аналар:
Музыкалық сүйемелдеу арқылы өткен балалық шақтың әсерлі сәттеріне оралды;
Анаға деген алғыс пен махаббатты хат арқылы шынайы жеткізе алды;
Өкпелерді кешіріп, ішкі үйлесімділік пен рухани қолдауды сезінді.
«Аты-жөніңіз + Бүгін сізді не әкелді?» форматындағы танысу шеңбері жылы әрі сенімді орта қалыптастыруға ықпал етті. Қатысушылар тренингтің маңыздылығын атап өтіп, болашақта осындай кездесулерге қатысуға ниет білдірді.
Ата-аналарға бала тәрбиесіне арналған пайдалы кеңестер қамтылған естелік парақшалар табысталды.
Қатысушылар мұндай тренингтердің отбасы ішіндегі тұрақты әрі жағымды қарым-қатынас орнатудағы маңызын ерекше атап өтті!