Облыстық «Отбасылық клуб» жобасы аясында Лисаков қаласындағы №6 орта мектепте қазіргі таңда өзекті тақырыптардың бірі – ата-аналардың эмоциялық шаршауы жайлы жиналыс өтті.
Жиын барысында отбасы ішіндегі ересектердің психологиялық амандығының маңыздылығы, эмоционалдық шаршауының себептері, белгілері, сондай-ақ оның алдын алу мен ресурс қорын қалпына келтіру жолдары талқыланды.
Педагог-психолог А.В. Гайт ата-аналарға күш-қуатты қалпына келтіруге және эмоционалды тепе-теңдікті сақтауға арналған пайдалы кеңестер мен қарапайым жаттығулар ұсынды. Ал ата-аналар өз тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақтар қойып, белсенді түрде талқылауға қатысты.
♀️ Рефлексия ретінде психолог «Қағаз адам» жаттығуын ұсынды. Бұл әдіс өзіңе сырттай көз жүгіртіп, сөзбен жеткізу қиын ішкі күйді білдіруге көмектеседі. Сіз де дәл қазір жасап көре аласыз:
Бас: Сен көбінесе не туралы ойлайсың? Қандай ойлар мазалайды?
Жүрек: Қазір өзіңді қалай сезініп тұрсың? Қандай эмоциялар сені жайлаған?
Қолдар: Өзің/басқалар үшін не істеп жүрсің? Не істегің келеді?
Аяқтар: Қайда бет алып барасың? Алға жылжуға не итермелейді?
Көздер: Не көргің келеді? Қандай нәрселерге назар аударасың?
Құлақтар: Айналаңнан не естіп жүрсің? Ал не естігің келеді?
Болды ма? №6 мектептегі кездесуге қатысушылар да осы жаттығудан үлкен әсер алды. Есіңізде болсын – отбасындағы үйлесім ата-аналардың эмоционалдық жайлылығынан басталады!