Науырзым ауданы Шолақсай орта мектебінде қазіргі қоғамның өткір тақырыптары – суицид, буллинг және тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша мұғалімдер мен ата-аналар арасында ашық диалог өтті.
Негізгі назар осы жағымсыз құбылыстардың алдын алуға аударылды.
Кездесу облыстық «Отбасылық клуб» жобасы мен мектептің психологиялық қызметі аясында ұйымдастырылды.
Буллинг пен кибербуллингтің белгілерін қалай тануға болады? Жасөспірімдердің суицидтік ойларының алдын алу үшін қандай шаралар қолдану қажет? Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың ішкі жан дүниесіне қалай әсер етеді? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға мектеп пен отбасы бірігіп жауап іздеді.
Кездесудің ең маңызды сұрағы – отбасында сенімді әрі жылы қарым-қатынасты қалай құруға болады? Баланың ата-анасы ғана емес, сенімді досы болу жолы қандай?
Педагог-психолог С.Т. Стамқұлова ата-ананың қарапайым қатысуы, мұқият назары мен шынайы әңгімесі – жас жанды жалғыздық пен уайымнан аман сақтап қалатын құтқарушы жіп бола алатынын атап өтті.
Балалардың қауіпсіздігі – тек міндет емес, әрбір ересек адамның моральдық борышы. Біз тек бірлесе әрекет етіп, түсіністік танытқанда ғана балаларымыз үшін қауіпсіз, мейірімді және қолдаушы орта қалыптастыра аламыз!