Бүгін мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен «Өркен» КЕАҚ бірлесіп ұйымдастырған өңіраралық жұмыс кеңесіне қатыстым.
Кеңеске еліміздің барлық өңірінен келген психологиялық қолдау орталықтарының директорлары қатысып, балалардың амандығы мәселесін талқылады.
Негізгі тақырып – «ерекше назардағы» балалар: мұқтаж жандарға жүйелі, сезімтал әрі уақтылы көмек көрсетуді қалай жолға қою қажет? Қатысушылар жаңа тәсілдерді талқылап, тәжірибе алмасты, ең бастысы – қолдауды тиімді етуге бағытталған нақты қадамдарды айқындады.
«Өркен» КЕАҚ ұсынған курстарға ерекше назар аударылды. Бағдарламалар мына бағыттарға арналған:
аутоагрессия белгілері бар балалармен жұмыс;
дағдарыстан кейінгі оңалту;
қиын жағдайдағы отбасыларды қолдау.
Мамандардың біліктілігін арттыру – бұл келешек ұрпақтың денсаулығына салынған инвестиция. Жоспар бойынша курстар қауіптерді дер кезінде анықтауға, алдын алу шараларын құруға және әр баланың ерекшелігін ескере отырып көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, біздің Орталық бұған дейін де Қостанай облысы мамандарына осындай курстар ұйымдастырған болатын. Бұл бағытта белгілі бір тәжірибе бар. Дегенмен, біз әрдайым жаңашылдыққа дайынбыз және «Өркен» ұсынған заманауи құралдарды міндетті түрде қолданысқа аламыз!