Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық институты бірлесе отырып, Психологиялық қолдау орталықтарының директорларымен «Бірге аутодеструкцияға қарсы!» атты республикалық кездесу өткізді.
Кездесудің басты тақырыбы – балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру.
Орталық басшылары аутодеструктивті мінез-құлыққа бейім балалармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін талқылап, тәжірибе алмасып, психологиялық көмектің сапасын арттыру бойынша нақты қадамдарды белгіледі.
Кеңес барысында келесі басым бағыттар айқындалды:
ықтимал қауіп-қатерлерді ерте анықтау жүйесін жетілдіру;
психологиялық қолдауды күшейту;
балаларға қатысты ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Сондай-ақ, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары анықталды:
алдын алу шараларын белсендіру;
барлық деңгейде күш-жігерді үйлестіруді кеңейту.
Мұндай кездесулер кәсіби қауымдастықты біріктіруге зор ықпал етеді. Тек үйлесімді және бірлескен іс-қимыл арқылы әрбір баланың қауіпсіздігін және әл-ауқатын қамтамасыз ететін тиімді әрі тұрақты қолдау жүйесін құруға болады.