Өзін-өзі бағалау мен өзіне деген сенім – адамның тағдырына тікелей әсер ететін екі ұғым! Дәл солар біздің өзімізді қалай көретінімізді, қандай мақсат қоятынымызды және алға қадам жасауға батылымыз жететін-жетпейтінін анықтайды.
Өзіне сенген адам қателесуден қорықпайды, жаңа нәрсе бастауға дайын болады және қиындықтан кейін қайта тұра алады. Сау әрі тұрақты өзін-өзі бағалау – өзіңді қабылдауға, жеке шекараңды құрметтеуге және жетістіктеріңді бағалай білуге көмектеседі
Ал сенімсіздік керісінше тежейді: адамды өз күшіне күмәндандыруға, мүмкіндіктерден бас тартуға итермелейді. Мұндай мүмкіндіктер кейде адамның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін еді. Сол себепті, сенімді балалық шақтан қалыптастыру өте маңызды – ата-ананың қолдауы, қабылдауы және сенуі арқылы
Өзін-өзі бағалау – адамның ішкі іргетасы болса, сенім – оған қанат бітіретін күш! Бүгін баланы қолдау арқылы біз ертең оның табысты, үйлесімді және бақытты болашағын қалыптастыруға көмектесеміз!
Осы мақсатта Тобыл қаласындағы №1 мектепте 8–9 сынып оқушыларына аталған тақырыпта тренинг өтті. Оқушылар психологпен бірге сенімді және сенімсіз адамның белгілерін, өмірдегі жетістіктердің рөлін талқылады. Сондай-ақ тәжірибелік тапсырмалар орындап, өздерін ғана емес, сыныптастарын да мадақтауды үйренді
Сабақ соңында оқушылар өзін-өзі бағалауы тұрақты және сенімді адамның мінез-құлық моделін өздері қайта құрып, тәжірибеде – сөйлеу мәнерін, жүрісін, қимыл-қозғалыстарын, мимикасын көрсетті.
Сенімділік табиғаттан берілмейді – ол тәжірибе, қолдау және сәтсіздікке деген қарым-қатынас арқылы біртіндеп қалыптасады. Сенімді адам ешқашан күмәнданбайтын адам емес, күмәнге қарамастан әрекет ете алатын адам!








